Оркестр классы

Халық аспаптар бөлімі оркестр класының жұмысы, сонау 1958 жылы Кеңес Үкіметінің астанасы Москвада қазақ өнері мен мәдениетінің 10 күндігінде әйгілі қазақтың өнер шеберлерімен қатар өз өнерін көрсеткен Гурьев облысы өнерпаздарының Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінен бастау алды десе де болады. Сол оркестрдің көпшілік мүшелері училищенің алғашқы оқушылары болып қабылданған болатын. Училищені басқарған алғашқы жылдардың өзінде С.Хұсайынов ұлт аспаптар оркестрінің өнерін көрермендерге тұрақты ұсынып отыруды дағдыға айналдырды. Ол басқарған жылдары училище оркестрі жыл санап өнері шыңдалып, қарқынды өркендеп қалыптасты. Халық аспаптар бөлімінің бет-бейнесіне айналған ұлт аспаптар оркестрдің өнерін өз алдына әңгіме еткен орынды.
С.Хұсайыновтан училищенің халық аспаптар оркестрінің жұмысын кәсіби дәрежеде жалғастыруда зор еңбек сіңірген дирижерлардың бірі, домбырашы-ұстаз Б.Рзаханов 1958 жылы Гурьев (Атырау) музыка училищесіне мұғалім болып келген кезінен бастап өмірінің соңғы күніне дейін қазақ ұлт аспаптары оркестрінен қол үзбей, оркестр шеберлігі, оның орындаушылары, репертуарының кеңеюі, оркестрге шығармалармен қатар, күйлерді жүйелеп лайықтауда орасан еңбек етті. Училище түлектерінің ішінен көркемөнерпаздар оркестрлерінің жетекшілерін дайындаудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Кейін Б.Рзахановтан тәлім алған түлектер әр ауданда, әр ауылда ұлт аспаптар оркестрлерін құрды. Көркемөнерпаздардың Халық оркестрлері атағына ие болды. Құрманғазы ауданының Халық аспаптар оркестрі – дирижері Т.Ахметжанов. Еркінқала халық аспаптар оркестрі дирижері- Ғазиз Жексемалиев, /марқұм/ қазіргі кезге дейін ізін жоғалтпай келе жатқан оркестр. 1973 жылдан бері бұл оркестрге Б.Рзахановтың төл шәкірті С.Қабдешов жетекшілік етеді. Мақат аудандық халық аспаптар оркестрі/ жетекшісі А.Түсіпқалиев/ т.с.с. көптеп атауға болады.
Училищенің ұлт аспаптар оркестрінің кемеліне келіп, кәсіби шеберлігі жоғарылап, оркестр мүшелерінің саны көбейіп, абыройының шарықтаған кезі 1970-80-90 жылдары еді. Сөзіміздің дәлелі ретінде 1991 жылы Орал қаласында өткен училище оркестрлерінің сайысында 1- орынды жеңіп алғанын, сол жолы – оркестрдің дирижері Боздақ Рзаханов та 1-дәрежелі дипломмен марапатталып, училище мерейін жоғары дәрежеге көтергенін айтсақ та жеткілікті.
Тағы бір талантты дирижер, бұл күнде марқұм болған ұстаз В.Қайбалдиев болатын. Астрахань музыка училищесінің түлегі, талантты музыкант училищеде бірқатар жылдар орыс халық аспаптар оркестрін басқарды. Кейін қазақ ұлт аспаптар оркестрін басқарып, 1981 жылдары музыка училищесі ұлт аспаптары оркестрлерінің Алматыда өткен байқауына қатынасып, жүлделі орынға ие болды. Сол кездері қала, облыс көлеміндегі беделді концерттердің бағдарламасынан училищенің халық аспаптар оркестрі құрметті орын алатын.
Колледж оркестрінің сол дәрежесі Б.Рзаханов дүниеден өткен соң ортайып қалып еді. Соңғы жылдары қайта кемелденуіне себеп, 1999 жылы шебер домбырашы- дирижер біршама жылдар училищенің басшылық қызметіне О.Жауыровтың келуі. О.Жауырұлы келген күннен бастап оркестр жұмысын қолға алды. Репертуар толықтыруға, орындаушылық шеберлік дәрежесін арттыруға, сахна сәніне көбірек көңіл бөлінді.Үлкен концерттік бағдарламаларды тыңдаушы көрерменге ұсынуды мақсат етіп қойды. Оркестрдің репертуарының жаңаруына, баюына баса назар аударды, сахналық киіммен қамтамасыз етуге қол жеткізді. Көрнекті өнер шеберлерімен байланыс орнатуға ұмтылды. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Ғ.Есімовпен бірлесіп үлкен концерттік бағдарлама даярлап аудандармен қала жұртшылығының назарына ұсынып, үлкен қошаметке бөленді.Оқушылардың оркестрде ойнау өнеріне қызығушылығы арта бастады. Оркестрдің жеке шығармашылық ұжым ретінде өсіп -өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ұстаздардың бірі – Ғ.Қарабөпин. Ол колледж бітірушілері арасынан оркестр жетекшілігіне көптеген шәкірттер тәрбиеледі, оркестр репертуарын байытуға үлес қосты. Олардың арасынан Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері болған Т.Камалиденовты, Нарын фольклорлық халық аспаптар оркестрінің екінші дирижері С.Жұмашеваны т.б. шәкірттерінің есімін атаймыз.
Колледжде соңғы жылдары кіші және үлкен оркестр тобы жұмыс жасайды. Оркестрдің жетекшісі және дирижеры болып ұстаз Е.Қитаров еңбек етуде. Әр оқу жылы ішінде оркестр жеке концерттік бағдарламасын көрермендерге ұсынып келеді. Бүгінгі күні колледж оркестрі облыстағы кәсіби Дина Нұрпейісова атындағы, Нарын фольклорлық ұлт- аспаптар оркестрлерімен тең дәрежеде өнер көрсете алады. Оркестр әрдайым облыс, қала көлемінде өткізілген мәдени көпшілік шараларда үнемі кәсіби биіктен көрініп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. 2011 жылы мамыр-маусым айларында Ақтау қаласы, Ресей Федерациясы Астрахань қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған көлемді концерттік бағдарламалар мен колледждің есептік концерті үлкен табыспен өтті. Оркестрдің кәсіби орындаушылық шеберлігі жоғары екендігін Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағалары: профессорлар Қ.Ахмедьяров (марқұм), А.Жайымов, К.Сахарбаева, Қ.Қожанбаев, Г.Джаксиева т.б. өз есептерінде атап көрсетті. Бұл – оқытушы Е.Р.Қитаровтың тынымсыз еңбегінің жемісі, шығармашылық жұмыстарының нәтижесі. 2012 жылы колледж студенттер оркестрінің нәтижелі жемісті жетістіктері сарапталып оркестр Халықтық атаққа ие болды. 2012 жылдың қараша айында оркестрдің халықтық аттаққа ие болуына байланысты Шаттық Отаны атты есептік концерті және 2013 жылдың наурыз айында Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының үлкен залында, мамыр айында Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе қалаларында көлемді концерттік бағдарламалар жоғары кәсіби деңгейде үлкен жетістіктермен өтті. Колледждің бетке ұстар өнер ұжымы ұлт аспаптар оркестрінің өнерін облыс, қала жұртшылығы әлі де талай- талай тамашалайтын болады.