Училище ашылған жылдары оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру оқу бөлімінің құзырында болатын. Кейін бітірушілерге қойылатын талаптарға байланысты бітірген мамандардың жұмыс аясы училище оқу бағдарламасының кейбір тұстарын қайта қарауға, жетілдіруге сұраныс туғызып, оқу стандартына өмір талаптарынан туған міндеттерге байланысты өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар оқытушылардың білімін жетілдіріп отыру, тұрақты түрде жұмыс қорытындысын сараптау, білім беру саласындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында оқытушыларды аттестаттаудан өткізіп отыру, оқытушылар арасында белгілі бір дәрежеде сілкініс тудырды. Міне, осы кездері әдістемелік жұмыстар оқу үрдісімен оқытушылар жұмысының өлшемі болып қалыптаса бастады. Әдістемелік жұмыстарды сапалы жүргізу мақсатында училище штатына әдіскер деген қызметкер қосылды. Бұл оқу үрдісін тиянақты жүргізуде оқу бөліміне көптеген жеңілдік әкелді. Алғаш әдістемелік кабинет жұмысын О.Қарашева, Л.Голубева, С.Масалимова сынды ұстаздар бастады. Жалпы әдістемелік кабинетке орын бөлініп, толыққанды мазмұнды жұмыстар колледжде жаңа ғимарат берілген күннен қалыптаса бастады. Колледжде әр мамандықтар бойынша өтетін пәндердің оқу стандартының талаптарына сай жұмыс –оқу бағдарламаларын жасақтау, бекітілген жұмыс жоспарына сай ашық сабақтардың нәтижелі өтуі, әдістемелік баяндамалардың талапқа сай ғылыми түрде жасақталуы олардың жұмыс барысында қолданылу аясы, шеберлік сабақтарының тұрақты жүргізілуі, оның өз саласына тиімділігін сараптау, оқушылар арасындағы білім сайыстарын өткізу, әртүрлі конкурс, сайыстарға іріктеу, әр бөлімде белгілі музыканттар өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында, ғылыми- тәжірибелік конференциялар өткізу, облыс көлеміндегі БММ-нің оқытушылар ұжымына әдістемелік көмек беру мақсатында ОКБАҚДИ-пен бірлесіп әр мамандық бойынша семинар-курстар өткізу дәстүрге айналып отыр. Жыл класс жетекшісі, Жыл оқытушысы байқаулары, оқытушылардың Педагогикалық оқуларын өткізу ұстаздардың ізденістерін арттыруға, сабақ өткізудің тың тәсілдерін іздеп жаңа технологияларға мойын бұрып жұмыс барысында қолдануларына жол ашты. Атқарған жұмыстарын шығармашылықпен көрсете алуына мүмкіндік жасалды. Оқытушылардың, оқушылардың орындаушылық мүмкіндіктерін ашуда, топтық (класс) концерттер мен колледж бітірушілерінің жеке концерттерін ұйымдастыру оң нәтиже беріп, қызығушылық тудырды. Концерттерді ұйымдастыруда кәсібилік, эстетикалық шығармашылық мазмұны басты өлшем болып қалыптасты. Көрнекті афишалар жасақтау, шақыру қағаздарын, концерттік бағдарламаны көрнекті әзірлеу, сахна мәдениетін сақтау сияқты басты мәселелер мен қатар орындаушының сахналық сәні, костюмінің концерттің мазмұнына сәйкес болуы біртұтас заңды өлшемге айналды. Жоспар бойынша міндетті концерттер, колледждің есептік концерті, ұлт- аспаптар оркестрінің, хор ұжымының, үрлемелі аспаптар оркестрінің, жеке орындаушылардың концерттері кейінгі жылдары жалғасын тауып келеді. Оқушыларды колледждің бағдарламасына сәйкес екі жылда бір келетін колледжаралық Жас орындаушылар сайысына, ұлы орындаушылар шығармашылығына арналған жоғары дәрежелі сайыстарға іріктеу, колледжішілік сайыстарды сапалы ұйымдастыру орындаушылық шеберлікті шыңдауға оң әсерін тигізді. Атап айтар болсақ, домбырашы-дирижер, ұстаз Б.Рзахановтың 70 жылдығына ғылыми- шығармашылық конференция, Жұбановтың 100 жылдығына байланысты өткен Жұбанов көктемі апталығы, Асыл мұра атты халық әні оқытушылары үшін өткізілген семинар курстар, домбыра-қобыз, фортепиано, баян мамандары үшін өткізілген курстар аясында Маңғыстау өңірінің күйлерінің орындау ерекшеліктері, дүлдүл күйші, ҚР халық әртісі, профессор Р.Ғабдиевтің, ҚР еңбегі сіңген әртіс, доцент, домбырашы Б.Қарабалинаның, ҚР халық әртісі Қ.Жантілеуов шығармашылығына арналған, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері, профессор, дирижер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі А.Жайымов шығармашылығына арналған сайыстар, өңіріміздің түлегі, көрнекті ақын, домбырашы Ж.Нәжімеденов атындағы күй-сайыстар жаңа деңгейде өтіп келеді. Колледждегі оқушылар өнерінің жаңа деңгейге көтерілуіне ҚР халық әртісі Ә.Есқалиев, тума-талант домбырашы С.Жалмышев, ҚР халық әртісі Р.Ғабдиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі М.Төрешовтердің кластарының ашылуымен қатар, колледждің байырғы ұстазы, домбырашы- дирижер Б.Рзахановтың атына, алғашқы директор ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері С.Хұсайынов пен қобызшы ұстаз, колледждің алғашқы ұстаздарының бірі Р.Нұрпейісова атына класс ашылып, ҚР білім беру ісінің үздігі, консерваторияның Құрметті профессоры домбырашы ұстаз Ғ.Әдепқалидың кластарына ескерткіш тақтайшалар ілінді. 2008 жылы колледждің 50 жылдық мерейтойы аясында колледждің негізін қалаған ардагер-ұстаздар Е.Нұрашев, Ә.Камалиденов, С.Мырзағалиевалардың атаулы кластары ашылып тақтайшалар ілінді. Бұлай ұстаздарды әспеттеудің кейінгі толқын жас өнерпаз оқушылар үшін тәрбиелік мәні зор. Осы кабинеттерде білім алудың өзі үлкен дәреже жас ұрпақтың көңіліне ой салатын, үлкен жауапкершілік жүктейтін, мақтаныш сезімін оятатын дәстүрлер. Байырғы ұстаздар шығармаларын насихаттайтын Өнермен өрнектелген өмір атты топтамасымен әдістемелік бетшелер, колледждің өмір тынысын баяндайтын колледжішілік Академия айнасы газеті, оқуға қабылдау кезіндегі үгіт- насихат мақсатындағы бетшелер жасақтау осы әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, колледж әдіскері, тәлімгер ұстаз Рая Шәріпқызы Латифуллинаның ұйымдастыруымен қалыптасып, жалғасып келеді. Оқытушы Ардақ Сундеткалиевна Нигметова 2007-2010 жылдары аралығында осы жұмыстарды белсенді табандылықпен атқарды. Әдістемелік кабинет өз жұмысын заман талабына сай жалғастырып, жетілдіре береді.