Садуахасова Гульнара Манапқызы 1970 жылдың 1 наурызында Атырау облысы, Исатай ауданы / бұрынғы Новобогат ауданы/ Хамит Ерғалиев ауылында /бұрынғы Новобогат селосында/ дүниеге келген. 1985 жылы Гурьев қалалық балалар музыка мектебінің фортепиано класын үздік бітіріп, сол жылы Гурьев музыка училищесіне оқуға түсіп, оны 1989 жылы ойдағыдай тәмәмдады. Алғашқы еңбек жолын музыка колледжі қабырғасында білім ала жүріп, оқу орнынан алған білімін еңбекпен ұштастырып, 1985 жылы концертмейстер ретінде өзі дәріс алған колледжден бастады. Сол жылдары оқу орнының абыройын қорғап, концертмейстер ретінде облыстық, республикалық сайыстарда қатысып, жүлделі орындарды иеленді. 1991-1997 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Музыкатану» факультетінде оқып, білімі мен білігін арттырып, «Музыка теориясы» пәндері оқытушысы мамандығын игерді. Жастайынан білім мен еңбектің тізгінін қатар ұстаған Гульнара Манапқызы 1993 жылдан бастап, Гурьев музыка училищесінде «Музыка теориясы» пәндері оқытушысы ретінде еңбегін жалғастырды. Өзі білім алып, дәріс беріп жүрген кезеңде «Музыка теориясы» мамандығы бойынша оқу материалдарының тек орыс тілінде болуы оқытушылар мен студенттерге қиындықтар туғызды. Осыған орай, Туған елін, ана тілін шексіз сүйген қазақтың еліктей қызы мамандығы бойынша алғаш рет мемлекеттік тілде оқу бағдарламалары мен оқулықтар дайындап, сабағын қазақ тілінде өткізіп, туған тілінің мәртебесін арттырып, қоғамға маңызды үлес қосты 2000-2003 жылдар аралығында Атырау музыка колледжінде қазақ музыка әдебиеті, фольклор кабинеттерін жаңа деңгейге көтеріп, жас музыканттардың сапалы білім алуына зор үлес қосты. 2002-2006 жылдары «Музыкатанушы» мамандығы бойынша «М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер» институтының аспирантурасында оқып, үздік бітіріп шықты. «Музыкальная критика современного Казахстана: Перспективы Проблемы» тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысын қорғап, Батыс Қазақстан өңірінде тұңғыш «Өнертану ғылымдарының кандидаты» атанды. 2014-2017 жылдары Чехия мемлекеті Прага қаласындағы Орталық Богемия университетінде оқып, «Іскерлік әкімшілік басқару Докторы» ғылыми атағына ие болды. Көптеген мақалалары мен баяндамалары республикалық, халықаралық ғылыми-конференцияларда тыңдалып, ақпарат құралдарында жарияланды. Атырау музыка колледжінде еңбек еткен жылдары (2004-2005жж) «Музыка теориясы» пәндік циклының төрайымы қызметін атқарды. 2005-2007 жылдары өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің, білімі мен біліктілігінің нәтижесінде колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2007 жылы — «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры болып тағайындалды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, оның ішінде білім беру саласына жүктеп отырған міндеттерін қолдай отырып, колледж ұжымының алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін айқындап, жаңаша көзқараспен жұмыс жасауға, ұжым мүшелерін жұмылдыруға күш салып, колледждің өсіп – өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді. 2009 жылдан бастап, Атырау музыка колледжі жанындағы облыстық балалар музыка мектептерінің директорлар Кеңесінің төрайымы қызметін бүгінге дейін атқарып келеді. Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап облыстық көшбасшы әйелдер клубының мүшесі ретінде қоғамда әйелдер құқығының сақталуын, әйелдер кәсібінің дамуын, зорлық – зомбылық мәселесінің азаюына ат салысып, өз үлесін қосып келеді. 2011жылы қоғамдық жұмыстарының нәтижесі бойынша Ресей, Қазақстан, Украина, Белоруссия республикаларының «Лучшие люди» Халықаралық Үлкен энциклопедиясының «Даңқ галереясына» есімі жарияланып, «Лучшие люди» Энциклопедиясының «Құрметті белгісімен» марапатталды. 2011- 2021 жылдар аралығында 2 мәрте Атырау облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. 2013 жылы оқу-тәрбие, ғылыми-әдістемелік жұмыстарындағы жоғары нәтижесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2013 жылы өнерлі жастарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жастарға, мүгедек адамдарға үнемі қолдау көрсеткені үшін «Жыл меценаты — 2013» белгісімен марапатталды. 2013 — 2015 жылдары «Қазақстанның қанатты әйелдері – 20 жыл» атты кітабына есімі еніп, өнегелі де игі істері жайында «Қазақстан әйелдері», «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты республикалық журналдарға мақала жарияланып, «Ай–керім»,«Кешкі шай» Астана қаласындағы «Хабар» республикалық телебағдарламаларына арнайы шақырылды. Атырау облысы бойынша әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық жұмыстарға белсене араласа жүріп, 2014 жылы «Жастар Альянсымен» бірлесе отырып, Атырау облысындағы колледж, жоғарғы оқу орындарының студенттері үшін қоғамдық көліктерге 50% жеңілдік беруге облыс әкімдігіне ұсыныс жасап, жүзеге асуына қол жеткізді. 2015 жылы «ҚР Мәслихатына 20 жыл» төсбелгісімен марапатталды. ҚР Президентінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық, республикалық деңгейдегі «Құрмет грамоталарымен» және бірнеше «Алғыс хаттармен» марапатталды. 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медалімен марапатталды. 2017 жылы «Алаш ұстазы» төсбелгісімен, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Телеарна таңдауы» жобасында «Сенімді серіктес» номинациясымен марапатталды. 2016-2019 жылдары Республикада қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Алматы, Астана, Жаңаөзен, Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларында, Атырау облысының барлық аудандарында және Ресей, Аустрия, Түркия, Италия, Германия, Шотландия, Англия мемлекеттерінде «Шаттық Отаны» атты концерттерін жоғары деңгейде ұйымдастырды. 2017 жылы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру»бағдарламасы аясында қыз тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Қыз тәрбиесі – құндылық кілті» атты республикалық форум өткізді. Г.М.Садуахасованың есімі «Қазақстанның қанатты әйелдеріне – 20 жыл» кітабына және республикалық «Қазақстан әйелдері», «Тәуелсіздіктің ақ таңы», «Депутат», «Үш қоңыр», «Жаңа музыкалық газет» журналдарына енгізілген. Республикалық, облыстық «Әйкерім», «Кешкі шай», «Хабар», «Назар», «Бізбен бірге», «Жайықтағы кездесулер» теле бағдарламаларына арнайы шақырылды. 2016, 2017, 2018 жылдары Ресей Федерациясы, Италия, Араб Біріктірілген Әмірлігінің «Алғыс» хаттарымен, Исатай ауданының 90 жылдығына орай төсбелгімен, Нұр Отан партиясы «Белсенді еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталып, «Исатай ауданы. Шежіре» энциклопедиясына есімі енді. Г.М.Садуахасова 2018 жылы еңбек жолын енді бастап жатырған жас мамандарға арналған «Жас педагог» мектебін құрды. Осы жылы Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» Жолдауы аясында Атырау музыка колледжінің студенттері мен жас мамандарын жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында колледж ғимаратының жанынан Гүльнар Манапқызының табандылығының арқасында 100 орындық заманауи жатақхана салынды. 2019 жылы облыста атқарылып жатырған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене қатысқаны үшін «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Осы жылы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Г.М.Садуахасова – Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Атырау облысы әкімінің, Атырау қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған: 2019, 2020 жылдары ҚР Президенті Қ.Токаевтың «Алғыс хаттарымен», 2021 жыл – ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медалімен, 2021, 2022 жж – Атырау облысы әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хатымен», 2022 жыл – «Аманат» партиясының «Алғыс хатымен» марапатталды. 2022-2023 жылдар аралығында Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарды. 2023 жылдың 17 қазанынан бастап «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры болып тағайындалды. Ел болашағы жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде Гульнара Манапқызының кәсіби іскерлігі, еңбекте табандылығы, әр іске деген жауапкершілігі, терең білімі мен біліктілігі, адами қасиеттері мен адамгершілігі, үлкен еңбек жолындағы ұстанымы, ұжымдастар арасындағы сыйластығы әрбір сөзінен, әрбір ісінен жоғары деңгейдегі көшбасшы екені көрініп тұрады.

Нигметова Ардақ Сундеткалиевна1969 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1986 жылы Абай орта мектебін және Қойшыбаев атындағы балалар музыка мектебін үздік аяқтап, сол жылы Гурьев музыка училищесінің фортепиано бөлімінде оқуын жалғастырды /мамандықтан ұстазы Н.С.Ротницкая/. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және магистратурасын үздік аяқтаған.
А.С.Нигметова еңбек жолын 1990 жылы Құрманғазы атындағы облыстық балалар музыка мектебінде фортепиано пәнінің оқытушысы және концертмейстер ретінде бастады. 2003 жылы Атырау музыка колледжіне жалпы фортепиано пәні оқытушысы ретінде қосымша, 2005 жылы негізгі нысанда жұмысқа қабылданды. 2005-2007 жылдары фортепиано және музыка теориясы бөлімінің класс жетекшісі міндетін атқарып, Класс жетекші-2006 колледжішілік сайысында 1 орынға, жыл қорытындысы бойынша Жыл класс жетекшісі-2006 атағына ие болды. 2007-2010 жылдары колледж әдіскері міндетін атқарды. Колледж тарихына арналған Өнер ордасы кітабының авторларының бірі. Көптеген әдістемелік баяндамалар, білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесінде мақала- баяндамалар жасақтап оқыды, халықаралық, республикалық, облыстық ғылымипрактикалық конференцияларға қатысып, дайындаған мақалалары конференция материалдарының жинағына енді. 2007-2010 жж колледж әдіскері ретінде колледж студенттерінің байқауларын, дөңгелек үстелдер, студенттер ғылыми конференцияларын ұйымдастырып өткізді. 2008 жылы Кәсіби музыкалық білім және орындаушылық өнерінің дәстүр сабақтастығы және 2011 жылы Дина Нұрпейісованың 150 жыл толуына арналған Күй тілі ана тілі, рух тілі атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды ұйымдастырушылар алқасында болып ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түсті. 2008, 2009, 2010 жылдары ОКБА ҚДИ бірігіп облыс көлеміндегі музыка мектептерінің оқытушылары үшін білім жетілдіру курстары мен семинарлар ұйымдастырып, оқытушыларға әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Жаңа педагогикалық технологияларды меңгерген білікті маман. 2007 жылы колледж әдіскері ретінде және 2012 жылы колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде колледждің өзін-өзі аттестаттау жұмыстарын сапалы өткізу нәтижесінде мемлекеттік аттестаттаудан абыроймен өтуге сіңірген еңбегі мол.
2014 жылы Маңғыстау облысының Білім саласындағы Бақылау департаментінің бұйрығына сәйкес Манғыстау өнер колледжі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын мемлекеттік аттестаттау комиссиясы құрамында болды.
А.Нигметоваға колледж әкімшілігі тарапынан бірнеше мәрте Алғыс жарияланды. 2009 ж. Атырау қаласының мәдени саласындағы зор еңбегі үшін және Атырау музыка колледжінің 50 жылдығына орай Атырау қаласы мәслихатының Құрмет грамотасымен, 2010 ж Атырау облыстық Білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен, 2011 ж. Атырау облыстық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен, 2013 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. 2010 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып келеді.