1964 жылы Гурьев музыкалық училищесінде оқу үрдісін тиімді жүргізу мақсатында жалпы пәндер бірлестігі құрылды. Оның құрамына өз ісінің шеберлері, тамаша ұстаздар Ленинградтық неміс тілі, ағылшын тілінің маманы А.М.Аноева –Насыбуллина, Б.Д.Қабдолов – қоғамтану, тарих, жаңа тарих пәндерінің оқытушысы, П.В.Абрамова – физика және математика пәндерінің мұғалімі, А.П.Шуханова – орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері кірді. Тұңғыш рет комиссия төрайымы болып А.М.Насыбуллина тағайындалды. Пән бірлестігінің жұмысының нәтижелі болуы осы оқытушылардың тынымсыз еңбегі мен білімі арқылы қалыптасты. Алайда алғашқы кезде оқушылар контингентінің аздығына байланысты бұл пәндердің аз ғана сағат мөлшері оқытушыларды қанағаттандырмай оқытушылар сан рет ауысты. 1974 жылдан бастап жалпы пәндер бірлестігінің төрағасы болып математика, физика пәнінің мұғалімі З.М.Макенов тағайындалды.

Осы мезгілдері қоғамдық пәндер бойынша дәріс берген, училище партия ұйымының хатшысы Ж.Л.Құлмұханов, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кабинет меңгерушісі Л.А.Павлова, ағылшын пәнінен А.М.Насыбуллина, Ұлы Отан соғысына қатысушы, отставкадағы офицер, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы А.Қ.Қосқалиевтар еңбек етті. 1978 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Қ.Букаева жұмысқа келді. Бұл жылдары оқытушылар құрамы өзгеріп қоғамдық пәндер бойынша Т.И.Гусева және Ғ.М.Қазиев, дене шынықтыру пәнінен Л.П.Антонюк, алғашқы әскери дайындық пәнінен Қ.Е.Сүлейменовтер дәріс берді. А.М.Насыбуллина зейнеткерлікке шыққан соң, 1980 жылы ПБ төрайымы болып ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г.Т.Еркінғалиева тағайындалды. 1990 жылдан 2010 жылға дейін пән бірлестігін Ж.Қ.Букаева, 2010-2012 оқу жылы З.Х.Мұханжанова, 2013-2014 оқу жылынан бастап жас маман Г.С.Дүйсембаева басқарып келеді. 2000 жылы пән бірлестігіне педагогика ғалымдарының кандидаты, «Атырау: білімге бастаған жолдар», «Мәдениеттану» оқулықтарының авторы Ш.Н.Нағымов жұмысқа келді. Жұмыс жасаған аз ғана уақыт ішінде тиімді ақыл кеңесімен, тың ойларымен колледж ұстаздарының заман талабына сай еңбек етуіне оң ықпалын тигізді. Шахман Нағымұлы бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі.

Алғашқы ұстаздардың жолын жалғастырушылар жоғары білімді қоғамдық пәндер оқытушылары: тарих, құқық пәні бойынша З.Х.Мұханжанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Г.Д.Мұханғалиева, мәдениеттану пәні бойынша А.Ж.Урымбаевалар еңбек етті. Оқытудың жаңа тәсілдерімен оқытушылар Ж.Букаева, З.Мұханжанова модульдік оқыту элементтерін сабақ барысында тиімді пайдаланды. Оқытушы Г.Мұханғалиеваның жазушы Ә.Сәрсенбаевтың шығармашылығына арналған бірнеше ғылыми мақалалары халықаралық, республикалық конференция жинақтарында, республикалық басылымдарда жарияланды. Ол музыка мамандарын даярлайтын оқу орындары студенттеріне арнап «Кәсіби қазақ тілі» пәнінен оқу құралын әзірледі.

Соңғы жылдары колледжге тарих, құқық, мәдениеттану, география пәндерінен Б.Тайпақов, қазақ тілі мен әдебиеті, пәндерінен Л.Гашихова, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен Ш.Есқалиева мен А.Қабденовалар, өздерінің шеберліктерін жетілдіруге күш салып жүрген ұстаздардың жаңа толқыны АӘД А.Смахов, дене тәрбиесі пәнінен Ж.Төлегенұлы, педагогика-психология, өзін –өзі тану пәндерінен С.Иманғазиева, информатика пәнінен Г.Дюсембаевалар оқу үрдісінде озық педагогикалық технологияларды жемісті қолданып келеді. Пән бірлестігінде жұмыс жасайтын тілдер және қоғамдық пәндер, өзін- өзі тану кабинеттері әдістемелік, дидактикалық құралдар, көрнекі материалдармен талапқа сай жасақталып, негізгі сабақтардан басқа үйірмелер, сыныптан тыс шаралар өткізуге тиімді пайдаланылып келеді. Қалыптасқан дәстүрмен жоспарға сәйкес оқытушылар оқу үрдісімен қатар тәрбиелік шараларға, оқушыларды қазақстандық патриотизмге, ұлтжандылыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулуға, салауатты өмір салтын қалыптастыратын шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысуының нәтижесінде колледж оқушылары облыстық, қалалық шараларға, спорттық сайыстарға қатысып оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді.