Халық аспаптар бөлімінің домбыра пәнінің негізін қалаушылар С.Хұсайынов, Б.Рзаханов, М.Құспаналиевтер болатын. Жыл өткен сайын заман талабына сай, мамандардың сұранысына байланысты ұстаздар құрамы да толығып, жаңарып отырды. Бүгінгі күні бөлімде төрт ұрпақ өкілдері ұстаздық етеді. Ең алғашқы ардагер ұстаздар, олардан білім алған аға буын ұстаздар, олардан кейінгі орта буын өкілдері және соңғы буын – жас ұстаздар. Бұл – ұрпақтар жалғастығының айқын дәлелі болса керек. Алғашқы домбырашы –ұстаз С.Хұсайынов бөлімде 1958-72 жылдар аралығында еңбек етті. Осы жылдары білім алған Ғ.Әдепқали, Т.Бәділов, Ш.Әбілтаев, О.Жауыров, А.Өміров, Т.Зайнуллин,Т.Ахметжанов сияқты көрнекті шәкірттерді тәрбиелеп қалдырды. Олардың алдыңғы буыны Ғ.Әдепқали, Т.Бәділов, Ш.Әбілтаев, О.Жауыровтар Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіп, жоғары біліммен туған өлкеге оралып ұстаздық жұмысқа орналасты. Бұлардың ішінде Тілеш Бәділов училищеде 1972 жылға дейін жұмыс жасап көптеген шәкірт тәрбиеледі. Одан тәрбиеленген домбырашылардың бірі Т. Нәжімов бүгінде осы колледждің орта буын ұстаздарының бірі. Көрнекті ұстаз Т.Бәділов 1972 жылы арнайы шақырумен Алматы қаласына ауысып, П.Чайковский атындағы колледждің халық аспаптар бөлімінің қалыптасуына ұзақ жыл еңбек сіңірді. Сол жылдарғы ұстаздық еңбегінің жемістері Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы оркестрінің домбырашылар тобының концертмейстері Т.Шәмілов, ҚР еңбек сіңірген әртісі А.Үлкенбаева, Т.Жүргенов атындағы Алматы театр институтының ректоры, профессор Қышқашбаев, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар кафедрасының доценті Б.Ысқақовтардың есімін айтсақ та жеткілікті. Т.Бәділов республика деңгейіндегі Әдіскер-ұстаз атағын алған ең алғашқы ұстаз. С.Хұсайыновтың тағы бір талантты шәкірті Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Ғизат Әдепқали 1968 жылдан күні бүгінге дейін 45 жыл саналы өмірін осы колледждің оның ішінде халық аспаптар бөлімінің өркендеуіне, талантты ұрпақтар тәрбиесіне арнап келеді. Осы жылдарда ол 70-ке жуық мамандар даярлап шығарды. Олардың ішінен ҚР еңбегі сіңген әртісі, Құрманғазы атындағы консерваторияның халық аспаптар факультетінің Құрметті профессоры , Маңғыстау облыстық Абыл атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі, ұстаз Р. Айдарбаева, осы халық аспаптар бөлімінде жемісті еңбек етіп жүрген оқытушылар Р.Латифуллина, С.Тәжіғалиев, Ж.Файзуллина, Е.Сақтанов, Н.Хинекина, Е.Қитаровтар, Шабыт халықаралық фестивалінің, республикалық Құрманғазы, Дина атындағы конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда ұстаздық қызметте болған – А.Батырхайырова, республикалық Бұлбұл домбыра конкурсының лауреаты, облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияның Нарын фольклорлық ұлт аспаптар оркестрінің әртісі Ш.Жәменова, республикалық Дина атындағы конкурстың лауреаты, Астана ұлт аспаптар оркестрінің әртісі А.Тінәлиева,облыстық сайыстардың жүлдегерлері, облыстағы кәсіби ұлт-аспаптар оркестрлердің әртістері Қ.Дүйсеев, Е.Райысов, аудандық, қалалық балалар музыка мектептеріндегі оқытушылар–Қ.Біләлов, Қ.Базаров, З.Ізімғалиева, Ж.Мұхиденов, Ә.Танашевалар. С.Аманжанов жоғары оқу орнын тәмамдады. Өмір – дерек Ғизат Әдепқали 1941 жылы Исатай ауданында дүниеге келген.1948-58 жылдары орта мектепте оқыды. 1958 жылы Атырау қаласында жаңа ашылған музыка училищесіне оқуға қабылданып, училище өміріне белсене араласып, алдыңғы қатарлы студент атанады. Ұстазы- домбырашы Сейілхан Хұсайынов. 1962 жылы училищені ойдағыдай бітіріп, жолдамамен Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түседі. Екінші курста оқып жүргенде, конкурс арқылы әйгілі Құрманғазы атындағы оркестрге домбырашы болып қабылданып, оқумен қатар жұмыс істей бастайды. 1963 -1967 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, елге оралды. Ғ.Әдепқали 1968 жылдан күні бүгінге дейін музыка училищесінде табан аудармастан ұстаздық қызмет етіп келеді. Жұмыстан қол үзбей жүріп,1973 жылы Алматы Мемлекеттік консерваториясын бітірді. 1977 -1981 жылдары Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінде директор болды. Бірақ, училищедегі ұстаздық қызметтен қол үзген емес. Училищеде партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитеті құрамында және кей жылдары бөлім меңгерушісі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ұстаздың алдынан 70-ке жуық маман домбырашылар тәлім алып, өмірге жолдама алды. 20 – дан астам шәкірттері Алматы Ұлттық консерваториясын және әр түрлі жоғары оқу орындарын бітіріп, өз мамандықтары бойынша жұмыс жасайды. Ғ.Әдепқалиұлы ұстаздық жетістіктерімен қатар, оқу әдістемелік жұмыстарда да үлгі болатын жетістіктері мол. Атап айтсақ, белгісіз күйлердің ноталарын жүйелеумен айналысады. Жергілікті сазгерлер Ибішев Ғатау мен Мәдиев Саматтың көптеген күйлері Ғизат Әдепқалиұлының нотаға түсіруімен жинақ болып шықты. Бұл жинақты БММ-і мен колледж оқушылары оқулық ретінде пайдалануда. Динаның орындауындағы Қайран шешем, Қалидің орындауындағы Ақбай күйлерін нотаға түсіріп, колледждің оқу бағдарламасына енгізді. Домбырашылардың репертуарын байыту мақсатында орыс, батыс, европа композиторларының шығармаларын фортепиано мен домбыраға лайықтап, оқулық хрестоматия құрастырып, баспаға ұсынды. Бұл хрестоматияға консерватория және колледж студенттерінің репертуарында үнемі ойналып жүрген Я встретил Вас, Ф.Лист Рапсодия № 2, Шопен Вальс, К.Күмісбеков Вальс, Городовская Русский пляс, т.б. күрделі шығармалар енді. 1991 жылы Ғ.Әдепқалиұлына Аға оқытушы атағы берілді.1997 жылы ҚР Білім беру ісінің үздігі құрметті атағын иеленді. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар кафедрасының Құрметті профессоры. ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Социалистік жарыстың жеңімпазы төс белгісімен және Еңбек ардагері медалі, ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл медалімен марапатталды. Колледждегі байырғы тәжірибелі, тәлімгер – ұстаз. 1972 жылы консерваторияны бітірген соң, домбырашы-дирижер Орақ Жауыров колледжге оқытушы болып келді. Жас маман домбырашыларға дәріс берумен қатар, оркестрдің орындаушылық шеберлігін шыңдауға Б.Рзахановпен бірге ат салысты. Оның класынан алғашқы бітіруші талантты домбырашы М.Көшқалиева 1974-79 жылдар аралығында Алматы консерваториясын жақсы тамамдап колледжге оқытушы болып орналасты. Жұмыс жасаған аз ғана уақыт ішінде біліктілігі мен тиянақтылығы арқасында оқушылар мен оқытушылар есінде аты қалды. Колледждің, бөлімнің негізін қалаушылардың бірі, ҚР білім беру ісінің үздігі – Боздақ Рзаханов бөлімнің қалыптасуы мен дамуына орасан үлес қосқан ұстаз. Алматыдан Құрманғазы атындағы консерваторияны үздік бітіріп келген ол кәсіби домбырашылардың үлкен шоғырын тәрбиеледі. Ұстаздың алдынан әр жылдары 52 шәкірт бітірген. Оның ең көрнекті шәкірттері, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, профессор, Құрманғазы атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, консерваторияда оқытушы, қазіргі таңда Астана қаласында ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері А.Жайымов, Алматы Ұлттық консерваториясының профессоры, зерттеуші – ұстаз, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның деканы К.Сахарбаева, ҚР білім беру ісінің үздігі Б.Мұхтарова, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, У.Гаджибеков атындағы Одақтық ұлт аспаптарында орындаушылар сайысының лауреаты К.Жолдасова, Г.Әбділдиевалар колледжде лайықты еңбек етіп, ұстаздың жолын жалғастырып жүрсе, балалар музыка мектептерінде ұзақ жылдар еңбек етіп, жас бүлдіршін музыканттарды тәрбиелеуде үлкен табыстарға жетіп келе жатқан ұстаздар – Одақтық оқу ағарту ісінің озаты М.Зинелова,Ы.Алтынсарин медалінің иегері Ұ.Истаева, С.Қабдешов, Қ.Иманғалиев, Ж.Шағылбаев, З.Матжанова, Н.Қайырова, Г.Дәулетова т.б. мақтанышпен атауға болады. Боздақ Рзахановтың ісін жалғастырушы, колледждің байырғы ұстаздарының бірі ҚР білім беру ісінің үздігі Бағила Мұхтарова. 1972 жылдан осы колледжде еңбек етіп келеді. 1978-1996 жылдары 18 жыл бойы қазақ ұлт-аспаптар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бөлімді басқарған жылдарда оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыруда, оқушылар санын көбейтуде үлкен жетістікке жетіп, бөлім көрсеткіші үнемі алдыңғы орындардан көрініп жүрді. 1980, 1985 жылдары Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Класынан 70-тің үстінде маман бітірді.Оның 21 оқушысы консерватория бітірген, 27-сі басқа жоғары оқу орындарының музыка факультеттерін бітірген. Олардың ішінде халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Н.Төлегенов, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері, колледжаралық Жас орындаушылар және Республикалық ІІ- Құрманғазы сайысының жүлдегері Т.Хайдаров, республикалық Дәулеткерей атындағы сайыстың жүлдегері, ҚР Мәдениет қайраткері С.Садықов, республикалық Қазанғап атындағы сайыс жүлдегерлері С.Қабделова, А.Төлекенова – Дәулеткерей, А.Қанатқалиева – Дина атындағы, Ж.Молдағалиева – республикалық Бұлбұл домбыра сайысының бас жүлдегері және әртүрлі облыстық сайыстардың жүлдегерлері З.Насиханова, Қ.Сейтенова, Б.Ғинаятова, К.Изекенова, М.Бақытова, С.Әлібековтер бар. С.Бердібеков, А.Абылханов, З.Насиханова, Ж.Молдашева, А.Құрманбаева, т.б. көптеген оқушылары облыс көлеміндегі балалар музыка мектептерінде ұстаздық етіп, бүлдіршін жас таланттар тәрбиелеуде биік жетістіктерге жетіп келеді. А.Зайнуллина Махамбет атындағы облыстық сайыстың жеңімпазы, консерваторияда оқиды. Б.Мұхтарқызы бөлім басқарған жылдарда бөлімде қыл-қобыз, халық әні/домбырамен ән айту/ кластарының ашылуына, қалыптасуына ықпал етіп атсалысты. Сол жылдары оқушылар контингентінің өсуіне байланысты бөлімде екі оркестр жұмыс жасады. Оқу-тәрбие жұмысын тиянақты ұйымдастырудың нәтижесінде оқушылардың, оркестрдің өнері республикалық және аймақтық сайыстарда көзге түсіп, жүлделі орындарды иеленді. Өмір-дерек Бағила Мұхтарқызы 1940 жылы Атырау облысы, Новобогат ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Гурьев музыка училищесіне оқуға түсіп,1963 жылы Б.Рзахановтың класынан ойдағыдай бітіріп шықты. Еңбек жолы Доссор музыка мектебінде ұстаздықтан басталды. 1963-67 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқыды. 1972 жылдан бері осы колледжде жұмыс жасайтын белді, тәжірибелі ұстаздарының бірі. 1978-96 жылдар аралығында халық аспаптар бөлімін басқарды. Бөлім жұмысының нәтижелі болуына Б.Мұхтарқызы өзінің білімін, күш-қуатын тиімді жұмсап, өзіне де, ұстаздарға да орынды талап қоя білетін тиянақтылығымен үлкен үлес қосты. Жұмыс жасайтын 20- ның үстіндегі ұстаздармен колледждің 80 пайыздай контингентін құрайтын бөлім оқушылары арасында оқу-тәрбие жұмысының үнемі биік дәрежеден көрінуіне ат салысты. Ауылдан келген оқушылардың колледж , жатақхана өміріне тез үйренуін үнемі басты назарда ұстап ,қиыншылық келтіріп отырған жағдайларды әкімшілікпен бірлесе тез арада шешіп отырды. Б.Мұхтарова мамандық, ұстаздық тәжірибе, жалпы домбыра пәндерінің Жұмыс оқу бағдарламаларын жетілдіріп отыруға, бөлімде әртүрлі келелі тақырыпта әдістемелік баяндамалары тыңдалуына атсалысып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім беру басқармасының, кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталды. Ерен еңбегі үшін медалінің, Еңбек ардагері медалінің, Социалистік жарыс жеңімпазы төс белгілерінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Колледж халық аспаптар бөлімінің өркендеуіне зор үлес қосқан байырғы ұстаз. Б.Мұхтарованың шәкірті Нәсіпқали Төлегенов –колледждегі жетекші оқытушылардың бірі. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын 1984 жылы бітірді. Профессорлар –А.Тоқтағанов, А.Жайымовтардан дәріс алды. Колледжге ұстаздық жұмысқа 1987 жылы келді. Ол бұған дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тәлім берді. Н.Төлегенов осы мезгілдер ішінде өзінің ізденгіш, қағылез, қандай жұмыс тапсырса да орындауға тырысатын ұйымдастырғыш, ашық мінезді қарапайым қасиеттерімен ұстаздар мен оқушылары арасындааса беделді ұстаздардың біріне айналды. Осы қасиеттерінің арқасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, уақытша директор, халық аспаптар бөлімі меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қазіргі кезде кәсіби тәжірибе пән бірлестігінің төрағасы. Білім қызметкерлерінің Республикалық слетіне қатысушы. Республикалық Құрманғазы атындағы конкурстың жеңімпазы М.Долдашев, Шабыт Халықаралық фестивалінің дипломанты Б.Ақтаев, республикалық Мәмен атындағы сайыстың жүлдегері Ә.Жақыпов, облыстық Дельфийлік ойындар фестивалінің дипломанты Г.Есқалиева сияқты оқушыларды тәрбиеледі. Қазіргі уақытта Е.Абылаев 2011 ж. облыстық Дельфийлік ойындарда 1 орын, 2012 ж ІІІ республикалық Асыл мұра конкурсында дипломант, 2013 ж Астрахань қаласында өткен Халықаралық Звучи моя домбра! домбырашылар сайысында 2 орын, 2014 ж Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы ұйымдастыруымен өткен Кіші Олимпиадада 3 орын иегері атанды. З.Қайратов 2013 ж ІІ республикалық Таланттар шоғыры конкурс-фестивалінде 1 орын, облыстық Дельфийлік ойындарда 2 орын, Құрманғазының 190 жылдығына арналған қалалық домбырашылар сайысында 1 орын иеленді. Оның класынан бітірген Г.Оңғаралиева, Ә.Жұмағалиева, Ш.Сидеғалиева, Г.Сәрсенғалиева Дина атындағы оркестрде әртіс болса, А.Дүйсенғалиева, Қ.Қонашев, Р.Айсанғалиева, М.Оразбаев сияқты оқушылары БММ-де еңбек етеді. Сондай-ақ Н.Төлегеновтің жасақтаған әдістемелік-танымдық баяндамалары колледжішілік Педагогикалық оқуларда тыңдалып, Орындаушылық өнер тарихы, Әдістеме пәндері бойынша көмекші құрал есебінде пайдаланылып жүр. Колледж өміріндегі ұстаздар еңбегі мен олар жеткен жетістіктер, оқушылардың жетістіктері туралы сыр шертетін мақалалары облыстық баспасөз беттерінде үнемі жарияланып келеді. Кейінгі жылдары шығармашылық- сазгерлікпен айналысып, бір топ әндері дүниеге келді. Оның Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған Бір тойым бар, Ж.Төлегеновтің сөзіне жазылған Перзент толғауы, Арамызда жүрсің сен, Ұлыма өсиет, Тілашар, Көңіл сыры әндерінің нотасы облыстық Атырау газетінде жарияланып, ел арасында кеңінен айтылып жүр. 2005 жылы Құрманғазы күйлерін ұрпаққа жеткізушілер атты әдістемелік баяндамалар циклын дайындағаны үшін Үздік баяндамашы сертификатын иеленді. Облыстық білім департаментінің, ҚР білім беру Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Есімі Атырау облысы мұғалімдері энциклопедиясына кірді. 2014 жылы Маңғыстау облысының Білім саласындағы Бақылау департаментінің бұйрығына сәйкес Манғыстау өнер колледжі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынын мемлекеттік аттестаттау комиссиясы құрамында болды. Домбырашы-дирижер Б.Рзахановтың шәкірті, бөлімнің беделіне бедел қосып, талантты шәкірттері талай бәйгелердің үлкен-кіші жүлделерін иемденіп жүрген белгілі ұстаз ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері – Клара Жолдасова. Ол ұстаздық жұмысқа Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген соң 1987 жылы келді. Осы мезгілде білікті ұстаздың алдынан республикалық Дина атындағы Бұлбұл -домбыра сайысының, Қали Жантілеуов, Дәулеткерей атындағы, Махамбеттің – 200 жылдығына орай өткізілген сайыстың, колледжаралық Жас орындаушылар сайысының лауреаты С.Бибатырова, Есір Айшуақұлы атындағы аймақтың сайыстың, республикалық Тәттімбет атындағы сайыстың дипломанты А.Базаров, Құрманғазы атындағы сайыстың жүлдегері Р.Сәрсенов, республикалық Жас орындаушылар сайысының лауреаты, Ж.Нәжімеденов атындағы Дүбірлі домбыра сайысының дипломанты, облыстық Дельфийлік ойындар фестивалінің, А.Жайымов атындағы домбырашылар сайысының жүлдегері Т.Айтбаев, Халықаралық Шабыт фестивалінің, колледжаралық Жас орындаушылар сайысының дипломанты, республикалық Құрманғазы атындағы сайыстың жүлдегері Н.Тәжікенов, республикалық Ж. Нәжімеденов атындағы сайыстың дипломанты Ә.Төлегенова, республикалық Есір, М.Өскенбаев атындағы сайыстардың жүлдегері Б.Долдашев, Н.Тілендиев атындағы Ақ Жайығым аймақтық сайысының дипломанты С.Әбілев сияқты оқушыларды тәрбиелеумен қатар колледж жанындағы балалар музыка мектебінде С.Бибатырова, Д.Қабиева, А.Құрманова, Ә.Хамитова секілді балғын шәкірттерді тәрбиелеп, әртүрлі сайыстардың жүлдегерлері атандырды. Т.Камалиденов, А.Ермекова, Қ.Әндіров, С.Бибатырова, Р.Сәрсенов, Н.Тәжікенов сияқты шәкірттері Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясынан жоғары білім алса, Б.Долдашев, С,Әбілов, М.Қауысбаева, Н.Бердібековалар қазіргі уақытта консерваторияда білімдерін жалғастыруда. Сонымен қатар, көптеген шәкірттері басқа жоғары оқу орындарын бітіріп еңбекке араласты. Құрманғазы атындағы облыстық сайыстың жүлдегері Т.Камалиденов Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері болса, С.Жұмашева Нарын фольклорлық оркестрінің әртісі және дирижері болып еңбек етеді. Облыстық Дина атындағы қыз-келіншектер сайысының жүлдегерлері Г.Қанжанова, Э.Дәулетиярова балалар музыка мектептерінде ұстаз. С.Бибатырова консерваторияны бітірді. Жұмыс жасаған жылдары класс жетекші, домбыра пән бірлестігінің төрағасы қызметтерін аса жауапкершілікпен атқарды. Оқу жылы қорытындысында жоғары көрсеткішке жеткені үшін колледжде Жыл оқытушысы -2004 атағын жеңіп алып, облыстық Жыл оқытушысы -2004 байқауына қатысып екінші орынды иеленді. К.Зейноллақызы білікті маман ретінде музыка колледждерін Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының құрамына, Жас орындаушылар сайысы қазылар алқасы құрамына әлденеше рет шақырылды. Беделді оқытушылардың бірі ретінде есімі Атырау облысы мұғалімдері энциклопедиясына енді. Т.Бәділовтың класынан бітірген Темірболат Нәжімов колледжге 1973-2010 жылдары оқытушылық қызмет атқарды. Ол бұған дейін облыстық филармонияның Атырау-Жайық ансамблінің қалыптасуына атсалысып, ансамбль құрамында республика, бұрынғы Одақ көлемінде өнер көрсетіп көрермендерге танымал болды. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын бітірді. Колледжде жұмыс жасаған жылдары класынан 41 оқушы бітірген. Оқытушылық жұмыспен қатар Ұстаздық тәжірибе пән бірлестігінің төрағасы, колледж құрамындағы балалар музыка мектебі халық аспаптар бөлімінің меңгерушілігін қоғамдық негізде атқарды. Класынан бітірген оқушылары облыс көлемінде еңбек етуде. Алдыңғы қатарлы бітірушілерінің бірі – Ү.Урымбаева Алматы консерваториясын аяқтап, Дина оркестрінде жұмыс жасайды. Е.Жұмабеков Астана Ұлттық музыка академиясының студенті, республикалық Ж.Нәжімеденов атындағы сайыстың жүлдегері атанса, Р.Ғимранов Дәулеткерей атындағы Республикалық сайыстың жүлдегері атанды. Колледжді тәмәмдап Алматы Мемлекеттік консерваториясына оқуға түсті. БММ-дегі шәкірті Е.Нұрмахов облыстық Б.Рзаханов атындағы сайыста бас жүлдені жеңіп алды. Қ.Жұмаев, Ж.Шотықбаева, Ш.Машанова, Қ.Рысбаева сияқты шәкірттері БММ-де ұстаздық етеді. Ол осы жылдарда дирижерлау пәні бойынша дәріс беріп, бітіруші оқушылар Көркемөнерпаздар ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі қосымша мамандықтарын алып шықты. Бөлімдегі беделді ұстаздардың бірі, Ғ. Әдепқалидың шәкірті Ерлан Сақтанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген соң, 1994 жылдан бері ұстаздық жұмыста. Осы жылдары ол білімді, ізденгіш ұстаз болып қалыптасып, оның алдынан дәріс алған 30-ға тарта маман өмірге жолдама алды. Олардың ішінде Ж.Жабелова Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, Алматы қаласында еңбек етсе, А.Дәулетқалиева, А.Әпенова – консерваториясын аяқтап магистратурада білім алды. Г.Әбілтаева, Т.Ибрашева, М.Наурызова, Б.Мұхтанов, Ж.Жәмиев, А.Шалабаева, А.Шонтыбаева, А.Жоламанов сияқты шәкірттері жоғары оқу орындарында оқып жүр. А.Сатыбалдиев, О.Кәртенов, А.Изжанов, Ж.Қазтуғановалар кәсіби ұжымдар мен БММ-де еңбек етеді. Жоғарыда аталған шәкірттері әртүрлі республикалық, облыстық сайыстардың жеңімпаздары. Е.Сақтанов дәріс беретін Домбырада ойнауды үйрету әдістемесі пәнінің оқубағдарламасын жыл сайын жетілдіріп, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғ. Әдепқали екеуі бірлесіп жасақтап, Білім министрлігіне ұсынды. Ол – колледж жанындағы БММ-де ұстаздық ететін тәжірибелі ұстаздардың бірі. Б.Мұхтанов, Б.Қабдолфарихов, С.Асылбеков т.б. бірнеше оқушысы облыстық сайыстардың жеңімпазы болды. Е.Сақтанов шертпе күйлердің орындалу ерекшеліктері тақырыбына әдістемелік баяндамалар жасақтап, ашық сабақтар өткізіп жас ұстаздарға, балалар музыка мектебінің ұстаздарына әдістемелік кеңестер беріп келеді. Домбыра пән бірлестігі құрылымындағы басты мамандықтардың бірі – домбыра – прима мамандығының негізін қалаушы алғашқы ұстаз Мәдениет Құспаналиев колледжде 1958 жылдан 70 -жылдардың ортасына дейін жұмыс жасады. Оның класынан бітірген жоғарыда аты аталған Ә.Камалиденов, С.Мәдиев, М.Құбаев, А.Ізімғалиқызы, т.б. білім беру саласында жемісті еңбек етті. М.Құспаналиев ұзақ жылдар баян бөлімінде орыс ұлт аспаптар оркестрін басқарып, дирижерлау пәнінен дәріс берді. Кейін Ақтау қаласына жұмысқа ауысып, күні бүгінге дейін сондағы колледжде еңбек етеді. М.Құспаналиевтың класынан училищені үздік бітіргеннен кейін оқытушылық жұмысқа қалдырылған Әнес Камалиденов 1962 -1998 жылдар аралығында жұмыс жасады. Жұмыстан қол үзбей жүріп Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірді. Училищеде мұғалім, Балықшы музыка мектебінің, облыстық балалар музыка мектебінің директоры қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары колледжде оқу ісі меңгерушісі болып істеді. Класынан 30-дан астам кәсіби музыка мамандарын даярлап, өмірге жолдама берді. Олардың ішінде ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақтау музыка колледжі директоры А.Сүндетов, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрі әртісі С. Құлғалиев, Қ.Үбіғалиев- Құлсары қаласында музыка мектебінде ұстаз болса, колледжде шәкірттері С.Шанаев пен П.Құттымұратовтар еңбек етеді /Өмір жолы жоғарыда басшылық қызметте болғандар бөлімінде кеңірек баяндалды/. Осы жылдарда белгілі музыкант, бүгінде музыка әлемінде өзіндік орны бар ұстаз Өтепберген Хамзин жұмыс жасап өзіндік із қалдырды. 1975 жылдан бастап колледжде жоғары білімді маман Досқали Ижанов ұстаздық етті. Осыған дейін Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің прима тобының жетекшісі болып, еліміздің бұрынғы Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде және көптеген шет елдерде өнер көрсетті. Жұмыс жасаған жылдары оның класынан көптеген мамандар бітіріп шығып, оркестрлерде, БММ-де еңбек етіп жүр. Оның көрнекті оқушыларының бірі С.Қалиев консерваторияны бітіріп, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінде еңбек етсе, Е.Қамашев Махамбет ауданында мектепте жұмыс жасай жүріп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқиды. Осы жылдарда Д.Ижанов үнемі оркестрлердің құрамында өнер көрсетіп, прима тобының орындау шеберлігін көтеруге атсалыса жүріп, оқушыларға дирижерлау және оркестрге бөліп жазу пәндерінен дәріс берді. Ол көптеген шығармалар мен күйлерді оркестрге және аспаптық ансамбльдерге лайықтап түсірумен айналысты. Әр жылдары прима мамандығына жұмыс оқу бағдарламаларын жетілдіріп жасақтап отырды. 2007 жылдан зейнеткерлікте. Колледжде 2001 жылы ашылған ұлттық аспаптарымыздың бірі шертер мамандығы бойынша алғашқы оқушылар қабылданды. Ә.Камалиденовтің класынан бітірген Сырым Шанаев осы мамандыққа оқытушы болып тағайындалды. Алғашқы күннен бастап оқу бағдарламаларын жүйелеумен, репертуарлық әдебиеттер жинақтаумен тыңғылықты айналысқан ұстаз шертер мамандығын аз мезгілде қалыптастыруға қол жеткізді. Бүгінде бұл мамандық басқа мамандықтармен тең дәрежеде жұмыс жасап жатыр. Осы мезгілде шертер мамандығынан бітірген түлектер Мемлекеттік емтихан комиссиясы төрағасы тарапынан лайықты бағасын алып, беделді сайыстарда өнер көрсете бастады. Алғашқы бітіруші Г.Аманғалиева колледжді жақсы бітіріп, Нарын фольклорлық ұлт-аспаптар оркестрінде еңбек етсе, Г.Қозыбақова мен Ә.Нұрғалиев- БММ-де ұстаз. А.Қазиев – колледжаралық Жас орындаушылар сайысына қатынасып 2006ж дипломант, 2008ж лауреат, Алматы мемлекеттік консерваториясын табысты аяқтап Атырау музыка колледжінде ұстаздық қызметте. Н.Жұмағалиев- 2008 жылы республикалық колледжаралық Жас орындаушылар сайысының және республикалық Құрманғазы атындағы сайыстарының дипломанты, қазіргі кезде БММ-де ұстаздық қызметте. Шәкірттері А.Қонысбаева, А.Үржімбаева, А.Қайреденовтер облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. С.Шанайұлы- колледжбен қатар колледж жанындағы балалар музыка мектебінде домбыра класы бойынша еңбек ететін тәжірибелі белді ұстаздардың бірі болды. А.Жәрдемов, Қ.Қадірова /лауреат/, А.Шалабаева /дипломант/, Иманғалиев А. /кіші топ бойынша 3- орын/ Ә.Жұмабаев сияқты шәкірттері облыстық Жас орындаушылар сайысының жүлдегерлері болса, Ә.Жүнісов Б.Рзаханов атындағы облыстық Жас орындаушылар сайысының Бас жүлдесін иемденіп және кезекті БММ-і оқушылары арасындағы Жас орындаушылар сайысының лауреаты атанды. Шертер мамандығының оқу бағдарламасын жетілдіру мақсатында қазақ күйлерімен қатар, қазақ және орыс, шетел композиторларының шығармаларын шертер аспабына лайықтаумен айналысып, репертуар молайтуға үлес қосты. Өмір-дерек Сырым Шанаев 1949 жылы Түрікмен ССР-ы,Ташауз облысында дүниеге келген.1967 жылы орта мектепті бітірген соң, Гурьев музыка училищесінің прима класына оқуға түсті. Ә.Камалиденовтың класынан училищені жақсы бітірген соң, Құлсарыда БММ-не жолдамамен ұстаз болып орналасады. Кейін шақырумен облыстық Құрманғазы балалар музыка мектебіне жұмысқа ауысады. 1981-85 жылдары Гурьев педагогикалық институтының Музыка факультетінде Р.Ғабдиевтен дәріс алды.1987-99 жылдары қалалық балалар музыка мектебінің домбыра класында ұстаз болып,бүлдіршін музыканттар даярлауда табандылықпен еңбек етті. Осы мезгілдерде ол класынан 20-ға тарта сайыскерлер даярлады. Олардың ішінен Республикалық Жас орындаушылар сайысының лауреаты А.Тіналиева /1987ж/, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, Астана қаласында ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, Райысов Е. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, Облыстық сайыстардың әр жылдарғы жеңімпаздары Т.Жамалова /прима/, Жәрдемов Айбар /домбыра/, Жәрдемов Айбек /домбыра/, Қадірова Қ /домбыра/, жоғары оқу орындарын бітірді. Колледжді бітіріп жоғары оқу орнында оқитын Тілемісов Идеят /домбыра/, т.б. шәкірттерін құрметпен атайды.1999 жылы шақырумен Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі жанындағы БММ-не ауысты. БММ-де жұмыс жасаған жылдары халық аспаптар бөлімі меңгерушісі қызметін ұзақ жыл атқарды. Мектептің оқу бағдарламасын жетілдіру, әртүрлі оқушылар арасындағы орындаушылық сайыстардың талаптарын жасақтаумен айналысты.1991 жылы Аға оқытушы құрметті атағы берілді.Облыстық білім департаментінің, облыстық оқытушылар Кәсіподақ ұйымының, Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жоғары санатты ұстаз. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Лұқпан Суфалдияров 1973 жылы колледжді оқытушы Б.Рзахановтың класынан бас домбыра мамандығы бойынша жақсы бітіріп, осы колледжге оқытушы болып қалдырылды. Содан бері тапжылмай 35 жылдай оқушыларға бас домбыра мамандығынан білім берді. Осы уақыттарда Лұқпан Суфалдияровтан бітірген оқушылар облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар, Н.Жантөрин атындағы филармонияның Нарын фольклорлық ұлт аспаптар оркестрінде, аудан мектептерінде жұмыс жасауда. Бас домбыра мамандығы Жас орындаушылар сайысының бағдарламасына кейінгі жылдары ғана кірістірілді. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары Л.Суфалдияровтың оқушылары осы республикалық сайыстарға қатынасып, оң бағасын алып келеді. Қ.Мырзагереев, Ж.Исмағұлов сияқты оқушылары республикалық Жас орындаушылар сайысының дипломанттары атанды. Ұстаздықпен қатар Л.Суфалдияров колледждегі ұлт аспаптар оркестрлерінің, облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар және Нарын фольклорлық ұлт аспаптар оркестрлерінің бас домбыра тобының концертмейстері болып өнер көрсетіп, В.Қабиев, Қ.Мырзагереев т.б. оқушыларын да баулып келеді. Осы мамандықтың барлық пәндері бойынша жұмыс оқу бағдарламаларын жыл сайын жетілдіріп, оқушыларының кәсіби шеберлігін шыңдау, сауаттылық деңгейінің сапалы болуына ұмтылыс жасап отырады. Жұмыс жасаған жылдары класс жетекшілік, колледж жанындағы балалар музыка мектебінің меңгерушісі жұмысын абыроймен атқарды. Бұлардан басқа пән бірлестігінде Б.Рзахановтың класынан дәріс алған Г.Әбділдиева, Ғ. Әдепқалидің класынан дәріс алған С.Тәжіғалиев, Ж.Файзуллиналар еңбек етіп, қарлығаштарын ұшыруда. Серікқали Тәжіғалиевтың класынан бітірген алғашқы түлектерінің бірі Ж.Тағаниязов республикалық Сейтек Оразалыұлы атындағы сайыстың жеңімпазы атанып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын бітірді. С.Сатыбаев, С.Жолдасов сияқты шәкірттері консерваторияда білімдерін жалғастыруда. С.Тәжіғалиев колледжден бұрын атақты Құрманғазы оркестрінің әртісі болып жұмыс жасады. Конкурстық негізде Үздік домбырашы сертификатын иеленіп, домбырашылар тобының концертмейстері болды. 2000 жылдан бастап Атырау музыка колледжіне оқытушылыққа келді. Осы жылдары домбырашылар ансамблі класы пәнінен дәріс беріп, бірнеше топты тәрбиелеп шығарды. Мұғалімдер және оқушылардан құралған фольклорлық ұлт аспаптар ансамблін ұйымдастырып, осы ансамбльдер репертуарына көптеген шығармаларды лайықтап түсірді. Ұстаздық жұмыспен қатар жеке орындаушы ретінде облыс жұртшылығына танымал домбырашы. Облыстық теледидар қорында жеке концерттік бағдарламасы түсірілген, облыс жұртшылығының сұрауы бойынша жиі қайталанып беріліп тұрады. 2014 жылы Мәдениет саласының үздігі төсбелгісі иегері атанды. Жоғарыда аты аталған оқытушылардың бірі – Гүлнар Әбділдиева. Халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі. Консерватория бітірген соң Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс жасап, оркестр құрамында Орал, Маңғыстау, көршілес Астрахань облысында, 1994 жылы Түркияда өткен Жерорта теңізінің қиял-ғажайыбы атты ұлт аспаптар оркестрлері халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. 1997 жылы колледжге ұстаздық жұмысқа ауысты. Шәкірттері А.Елешов, Г.Иманғалиева –Қазақ Ұлттық консерваторияда оқиды. Г.Жұмағалиева, Р.Баймұрзаева, Қ.Молдағазиев, Б.Әсиевалар БММ-де ұстаздық қызметте. Жұмыс жасаған жылдары класс жетекшісі болып, бірнеше топты тәрбиелеп шығарды. Бөлімде Халық композиторы Сейтектің шығармашылығы, Мамандықтан сабақ беру әдісі атты баяндамалары оқылып, жақсы әсер қалдырды. Класс концерттері мен колледжішілік байқауларға, ашық тәрбие сағаттарына оқушылары қатысып тұрады. Бөлімдегі белсенді оқытушылардың бірі Жаңыл Файзуллина облыстық Дина Нұрпейісова атындағы оркестр құрылған күннен бастап домбырашы болып жұмыс жасады. Сол жылдарда Дина, Қашаған атындағы конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы облыстық конкурстың лауреаты атанды. Колледжге ұстаздық жұмысқа 2003 жылы келді. Шәкірттері А.Неталиева – республикалық Бұл-бұл домбыра қыз-келіншектер сайысының лауреаты, 2014ж Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы ұйымдастыруымен өткен Кіші Олимпиадада 1 орын; И. Шайхиев 2013 ж Астрахань қаласында өткен Халықаралық Звучи моя домбра! домбырашылар сайысында 1 орын, Т.Әлімжанова 2012 ж ІІІ республикалық Асыл мұра конкурсында Бас жүлдегер атанды. С.Қапаров консерваторияда білімін жалғастыруда. Оқушыларын тәрбиелеп, класс жетекшілікпен қатар, колледжде қоғамдық жұмыстарды атқарып келеді. Класс оқушыларының концертін ұйымдастырумен бірге өзінің жеке концерттік бағдарламасын ұсынып жүр. Облыстық теледидар қорының Әсем саз бағдарламасындағы жеке концерттік бағдарламасы облыс жұртшылығына танымал. Колледждің түлегі Нұргүл Хинекина Алматы мемлекеттік консерваториясынан жоғары білім алып, колледждің өміріне белсенді араласып ұстаздық қадамын жасауда. 2013 ж өткен республикалық Бұл-бұл домбыра қыз-келіншектер сайысының лауреаты. Шәкірттерінің ішінде М.Сәбитов – аймақтық Құрманғазы атындағы домбырашылар сайысында лауреат атанды. БММ –де халық аспаптар бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Соңғы жылдары бөлімде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлектері Қазиев Артур және Сакупова Айнұр колледждің өміріне араласып алғашқы ұстаздық қадамдарын жасауда. Қазиев Артур консерваторияда білім ала жүріп Құрманғазы атындағы республикалық сайыста 1 орынға ие болса, ұстаздық қызметте жүріп республикалық ортекешілер сайысында дипломант атанды. Бөлімдегі жетістіктерді сараптай отырып, алда тұрған міндет- межелерге қол жеткізу үшін, ұстаздар қауымы жұмыла еңбек етуде.