«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі
Үрлемелі-соқпалы, ішекті
Үрлемелі-соқпалы аспаптар бөлімі музыка училищесі ашылғаннан бері флейта, гобой, кларнет, волторна, ксилофон мамандықтары бойынша мамандар дайындап келді. Бітірген түлектер ары қарай жоғары оқу орындарында білім алып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс жасауда. Оқытушылардың қажырлы еңбегі арқасында көптеген түлектер БММ-і, колледж, консерваторияларда ұстаздық қызметте болса, олардың арасынан Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкерлер, әскери, үрлемелі аспаптар, симфониялық, камералық оркестрлерде орындаушылар және дирижер ретінде еңбек етіп жүр.
Үрлемелі-соқпалы аспаптар бөлімінің алғашқы ұстаздарының бірі И.И.Колтайс /марқұм/ дарынды музыкант, талантты кернейші, жоғары кәсіби ұстаз. Музыка училищесінің оқу ісінің бірінші меңгерушісі. 1963 жылы кіші симфониялық оркестрді ұйымдастырды. Ол өзінің ұстаздық жолында өз оқушыларын музыкаға деген құштарлыққа, сүйіспеншілікке баулыды. Оның түлектерінің арасында: С.Купчиков – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының бас дирижеры, Д.Арсентьев Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері», В.Алифанов Фрунзе қаласында музыка колледжінде оқытушы, Қ.Байгужин колледжде ұстаз, Е.Голубев Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрінің жетекшісі, В.Филиппов осы оркестрдің жеке орындаушысы. Ардагер ұстаз И.И.Колтайстың есімі колледждің Құрмет кітабына» енгізілді. И.И.Колтайс жетекші маман ретінде үрлемелі аспаптар бөлімінде көптеген жылдар жемісті еңбек етті.
Үрлемелі аспаптар оркестрін ұйымдастыруда үлкен үлес қосқан ұстаз Б.Я.Ишханов өз мамандығын ерекше сүйетін насихаттаушы, үрмелі-соқпалы аспаптар оркестрінің жетекшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Б.Я.Ишханов жетекшілік еткен үрмелі аспаптар оркестрі көркемөнерпаздар байқауларында бірнеше рет жеңімпаз атанып, мерекелік концерттерге әлденеше рет қатысып өнер көрсетті. Облыс басшылығы атынан оркестрдің өнері және жетекші дирижер Б.Я.Ишханов Құрмет» грамоталарымен және дипломдармен марапатталып жүрді. Ол бірқатар талантты түлектерді дайындады. Г.Киселев Алматы Консерваториясын бітірді. Г.Краснов 30 жылдай Верхний – Тагил қаласында БММ директоры болып қызмет етті. Б.Ишханов оркестрдің әртісі және облыстық балалар музыка мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Сонымен қатар бөлім түлектері- Е.Митрофанов, А.Бобылевтер, Н.Новинский, А.Холодюк т.б.есімдері бөлім тарихында елеулі орын алады. В.Иванов оркестрдің жетекшісі. Б.Я.Ишхановтың есімі қажырлы еңбектерінің нәтижесінде училищенің Құрмет кітабына» енді.
1960 жылдары училищеде орындаушы ұстаз, флейташы А.С.Сиплева жұмыс жасады. Көптеген мамандар дайындады /Филипиди, Е.Косевич, Л.Шестаперова т.б/. Анна Сергеевна өзінің оқушыларын еңбек сүйгіштікке және өзі таңдаған мамандығына сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиеледі. Өзінің кәсіби шебер орындаушылығымен оқушылар алдында өте сыйлы ұстаз болды.
Алматы консерваториясын бітіргеннен кейін 1961 жылдан бастап колледжге С.Ш.Бидешев жұмысқа келуіне байланысты валторна мамандығы ашылды. Дарынды ұстаз, оркестрлердің жеке орындаушысы ретінде өнер көрсетті (үрмелі-соқпалы, симфониялық, орыс және қазақ ұлт-аспаптар оркестрі). Сейіт Шерімұлының алдынан көптеген мамандар тәрбиеленіп шықты. Оның талантты шәкірттерінің бірі Борис Тен Лейпциг консерваториясын бітірді. Э.Дорохов, Ж.Тажикеновтер өз мамандықтары бойынша жемісті еңбек етуде.
1962 жылы Алматы консерваториясын тромбон класынан бітіріп У.Ш.Салыхов жұмысқа келді. Ұстаз, оркестрдің жеке орындаушысы, сынып жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Уахит Шоханұлы тәрбиелеген түлектердің ішінен М.Юсупов Москвадағы Гнесиндер атындағы өнер институтын бітіріп, Алматы қаласында Мәдениет министрлігінде жұмыс жасайды. Шевраккупо, Ю.Жарков Москвада үлкен театрда жұмыс жасайды. Г.Набиев біршама жылдар колледжде ұстаздық етті, үрмелі аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетті. Тельянс, Курмангалиев, Щапов оркестр мүшелері болды. А.Великий Ақтөбе қаласында драма театрының оркестрінде, Ю.Жарков Мәскеу қаласының Үлкен театрының оркестрінде қызмет атқарды.
Үрлемелі-соқпалы аспаптар бөлімінің байырғы ұстаздарының бірі Ю.В.Беликов кларнет, гобой, фагот аспаптарында шебер ойнаған. Ол мамандықпен қатар ансамбль класы пәндерінен дәріс берді. 1978 жылы есімі колледждің Құрмет кітабына» енгізілді. Оның оқушылары арасында В.Цой, В.Яковлева, М.Файзуллин, К.Карташов, О.Нагаевтардың есімін құрметпен атауға болады. Осы ұстаздан тәрбие алған В.Яковлева 1969 жылдан бастап колледжде гобой класында ұстаздық қызметте. Ұзақ жылдар бойы класс жетекшісі болып жұмыс атқарды. В.Яковлеваның класынан тәрбиеленген түлектер Г.Ужаева, А.Айжарықова, А.Камидуллин, Д.Рақымғалиев, М.Құрмантаевтар мамандықтары бойынша еңбек етуде.
40 жылдай бөлімде Алматы консерваториясының түлегі, үрмелі -соқпалы аспаптар маманы Қ.С.Есқалиев жұмыс жасап келеді. Ол әр түрлі оркестрлердің белді мүшесі. Қ.Сақитанұлының еңбегі еленіп Алғыс хат», Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Түлектер арасында: А.Коваленко, Э.Иконников, С.Жолдасов, Д.Хасанов, М.Утикаров, С.Таиповтардың есімдерін атауға болады.
1973-1994 жылдар аралығында Алматы консерваториясының түлегі, дарынды ұстаз, труба аспабының шебер орындаушысы А.А.Парусимов жұмыс жасады. Еңбек еткен жылдары ұстаздықпен қатар үрмелі оркестрінің жетекшісі, оркестр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қала көлеміндегі мәдени шараларға, мерекелік концерттерде өнер көрсетіп, қошеметке бөленді. Мәдениет басқармасының жанынан үрмелі-соқпалы аспаптар оркестрін құрды. Оның оқушылары: Д.Еримов, С.Сарсенов, Е.Ефремов, В.Рехиндер Астрахань консерваториясында жоғары білім алды.
Кейінгі 10 жылда оркестр бөлімін Алматы консерваториясын бітірген колледж түлегі Қ.М.Байгужин басқарды. Ол- керней аспабының оқытушысы, класс жетекшісі, бөлім меңгерушісі, оқу ісінің меңгерушісі, үрмелі-соқпалы аспаптар оркестрінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Облыстық әскери комиссариат жанынан үрмелі аспаптар оркестрін ұйымдастыруға атсалысты. Көптеген шығармаларды үрмелі соқпалы оркестріне лайықтап, репертуар кеңейтуге күш салды. Керней аспабын шебер меңгерген Қайрат Мақсымұлы фортепиано бөлімінде камералық ансамбль пәні бойынша жеке орындаушы болды. Бүгінде оның алдынан дәріс алған шәкірттері: Қ.Ғұмаров, М.Сағындықов, Д.Рахымғалиев, Д. Исмуханов т.б. өнер саласында қызмет етуде.
2005 жылдан бастап колледж түлегі М.Құрмантаев Астана Ұлттық музыка Академиясынан жоғары білім алып, ұстаздық жұмысқа келді. Ол- Н.Жантөрин атындағы филармония жанындағы үрмелі аспаптар оркестрінің жеке орындаушысы қызметін қоса атқарып жүрген гобой аспабын насихаттаушылардың бірі.
Колледжде ксилофон мамандығы бойынша жас маман С.Тайпов пен Р.Тоқтабаев жұмыс жасап, ұстаздық жұмыспен қатар, Н.Жантөрин атындағы филармонияда үрмелі-соқпалы аспаптар оркестрінде әртіс. Әр кезде колледжде жұмыс жасағандар: Т.Аманбаев, В.Карташов, В.Кулашова, С.Баспаев, Е.Голубевтердің бөлім жұмысының нығаюына қосқан үлестерін құрметпен атауға болады. Сонымен қатар сүйемелдеуші ретінде жұмыс жасап, бөлімнің оқу тәрбие жұмысына өз үлестерін қосқан Б.М.Коновалов, С.Л.Волож, Л.А.Вагнер, В.В.Мингалиева, Ж.Г.Овсепьян есімін атау орынды.
Училище ашылған күннен бастап скрипка класы жұмыс жасай бастады. Алғашқы ұстаздар С.Н.Шим және И.Т.Гусенцова болды. Кейін 1960 жылы А.Т.Подковина /скрипка/, 1963 жылы Т.Г.Хасанова /виолончель/, 1967 жылы Э.Б.Балько/виолончель/, 1967 жылы С.Х.Маняфова /скрипка/ сияқты оқытушылар жұмыс жасады. Осы жылдары шекті аспаптар және фортепиано мамандықтарына жергілікті ұлт өкілдерінің балаларын тарту мәселесі туындап, оны шешу жолдары қарастырылды. Ақырында училище басшылығының бастамасымен екі жылдық дайындық курсы ашылды. Оған тек жергілікті ұлт өкілдерінің дарынды балалары ғана қабылданатын болды. Дайындық курсының ұйымдастыру жұмыстарын атқаруға алғаш атсалысқан Б.Я.Ишханов меңгеруші болып тағайындалды. Алғашында скрипка, виолончель, фортепиано кластарынан көптеген оқушылар бітіріп шықты. Фортепианодан – Р.Тоқмурзиева, К.Мақашева, Н.Альсмахова, скрипка класынан- М.Ибинов, М.Тобышбаев, И.Ғаббасов, Ж.Тәжіғалиев, виолончельден- Р.Исанбаев, Е.Серікбаев, И.Алтыбаев, М.Мұхамбеталиев сияқты оқушылар кейін училищені бас қобыз класынан бітіріп, бүгінгі күні кәсіби оркестрлерде жетекші мамандар немесе облыс көлеміндегі балалар мектептерінде жемісті еңбек етуде. Скрипка класына келетін оқушылардың денін осы дайындық курсын бітірген оқушылар құрайтын. Әр жылдары бұл бөлімде жоғары білімді мамандар Н.Иванова, А.Кагенов, С.Маняфова, С.Наружный, Е.Мельникова, В.Сладков, Е.Кабанкина /скрипка/, С.Матерн /альт/ сияқты оқытушылар осы дайындық курсы мен училищеде сабақ берді.
1975 жылдан бастап ішекті аспаптар бөлім меңгерушісі міндетін оқытушы С.Громинский атқарды және алғаш рет камералық оркестр ұйымдастырды. Шебер орындаушы- альтист ұстаз С.Матерн мамандықпен қоса фортепиано бөлімінде камералық ансамбль пәнін жүргізді.
1977-80 жылдары ішекті аспаптар бөлім меңгерушісі міндетін Астрахань консерваториясының түлегі И.Я.Юрицина атқарды. 1979 жылдан бастап бөлімде С.Матерн, Юрицына, С.Шим сабақ берді. 1982 жылы консерваторияны бітіріп, С.Шимнің шәкірті Л.Кириченко, контрабас аспабының маманы М.Кенжебеков жұмысқа келді. Сондай-ақ колледжде скрипка класында, К.Нүсіппаева, Н.Сүндетова жұмыс жасады. Бірақ әлеуметтік жағдайлардың әсері, климаттың қолайсыздығы оқытушылардың тұрақтануына оң әсерін тигізбеді. Ашылған күннен бастап тұрақты түрде зейнеткерлік жасқа келгенше 30 жылдан аса уақыт еңбек еткен жергілікті маман С.Шим көптеген скрипкашыларды тәрбиеледі. Оның класынан бітірген жоғарыда аты аталған түлектерінен басқа Г.Наурызалиева, К.Нүсіппаева, Л.Кириченко, Р.Шим- консерваторияны аяқтады. Өкінішке орай сонау жылдары ел эканомикасының әлсіреп, халықтың әл-аухаты нашарлаған тұста, үкіметтің «оңтайландыру» саясатының ықпалы тиіп, көптеген оқытушылар басқа мамандыққа ауысып немесе тұрағын ауыстыруға мәжбүр болды. Сол жағдайларға байланысты С.Шим зейнеткерлікке шыққаннан кейін колледжде скрипка мамандығы жабылды.
Күні бүгін колледж жанындағы балалар музыка мектебі скрипка класында колледж түлегі К.Нүсіппаева жас бүлдіршіндерді тәрбиелеуде жемісті еңбек етіп келеді. Колледж жанындағы БММ аяқтаған түлектер колледжде білімдерін жалғастыруда. Олар: Н.Медетов және Б.Азиева – облыстық республикалық, халықаралық сайыстардың лауреаттары.
Камералық квартет ұжымы (жетекшісі К.Нүсіппаева) колледжішілік, облыстық шараларда өнер көрсетіп тыңдармандар ықыласына бөленіп келеді. Шәкірті Н.Медетов колледжді табысты аяқтап Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда әртіс және колледж жанындағы балалар музыка мектебінде ұстаздық жұмысқа араласты. Колледж жанындағы БММ түлегі Б.Азиева колледжде білімін жалғастыруда.