Негізгі мазмұнға өту
Атырау музыка колледжі

“ЖІБЕК ҒҰМЫР” - ӨНЕРГЕ ТАҒЗЫМ, ТҰЛҒАҒА ҚҰРМЕТ!

Бүгін Атырау қаласында қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешованың шығармашылық жолына арналған «Жібек ғұмыр» атты мәдени кешке қатыстым.

Тағылымы мол кеште өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылық белестері дәріптеліп, қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильмінің көркемдік құндылығы мен ұлттық мәдениетіміздегі орны тағы бір мәрте айшықталды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі - «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі «Гәкку» әнін орындаған колледжіміздің ардагер ұстазы Ижанова Мүнира Матайбайқызының арнайы келіп, өнер көрсетуі болды.

📌Мүнира Матайбайқызы “Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы” Атырау музыка колледжінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген құрметті ұстаз.

📌Бір кездері кино арқылы халқымыздың жүрегіне жол тапқан әсем әннің бүгінгі кеште апайдың орындауында қайта шырқалуы ерекше әсер сыйлады. Өнер мен өмірді тоғыстырған осындай сәттер ұлттық рухымызды асқақтатып, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпақпен жалғай түседі.

Кеш аясындағы фотогалерея, ұлттық қолөнер көрмесі, фильмдерден үзінділер мен концерттік бағдарлама көрерменге рухани әсер сыйлап, қазақ өнерінің құдіретін тағы бір сезіндірді.

📌Меруерт Өтекешова - қазақ кино өнерінің мақтанышы, ал «Қыз Жібек» - ұлтымыздың сұлулығы мен сыршылдығын, салт-дәстүрі мен болмысын әлемге танытқан мәңгілік туынды.

Осындай мазмұнды мәдени шараның куәсі болу - үлкен әсер әрі рухани байлық.

✅Өнеріміз өркендеп, өнерпаздарымыздың өнегелі жолы ұрпақ жадында жаңғыра берсін!👏🏻💐

Барлық жаңалықтар