Негізгі мазмұнға өту
Атырау музыка колледжі

Адамның шынайы болмысы оның атқарған қызметімен ғана емес, айналасына жасаған жақсылығымен, өзгеге деген қарым-қатынасымен, артында қалдырған өнегесімен өлшенеді.

Саналы ғұмырын білім мен өнер саласына арнап, ұстаздық пен басшылық қызметтің жауапкершілігін абыроймен атқарып келе жатқан Гүлнара Манапқызы – кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттері үйлесім тапқан ерекше тұлға.

Ол – өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру

ісінің құрметті қызметкері, іскерлік әкімшілік басқару

докторы, мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы

атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті

профессоры, музыка теориясының білгірі, өз ісінің шебері, талай шәкірттің кәсіби қалыптасуына үлес қосқан тәжірибелі ұстаз. Ұстаздық жолдан басшылық қызметке дейінгі еңбек белестерінде жинаған тәжірибесі мен білімін өзі еңбек етіп жүрген қара шаңырақтың өркендеуіне, ұлттық өнердің дамуына, жас ұрпақтың сапалы білім алуына арнап келеді.

📎Басшылық қызмет – тек лауазым мен міндет емес, ол – үлкен жауапкершілік, көрегендік, табандылық, шешім қабылдай білу және адамдармен тіл табыса білу өнері. Осы қасиеттердің барлығы Гүлнара Манапқызының бойынан табылады. Талап қоя білетін, бірақ әрдайым түсіністік танытатын, әділдікті ту етіп, әріптестерінің еңбегін бағалайтын басшы ретінде ұжым арасында өзіндік құрметке ие.

Ал оның адамдық болмысы – өз алдына бір бөлек әңгіме.

📎Алғаш көрген сәттен-ақ кісіні баурап алатын сұлулығы, талғампаздығы, сөйлеу мәдениеті мен парасат-пайымы назар аудартса, жақынырақ таныған сайын сыртқы сұлулығы мен ішкі жан дүниесінің жарасым тапқанына көз жеткізесің.

Нәзік болмысына қарамастан, мінезі бекем, ойы орнықты, іскерлігі жоғары. Қандай жағдайда да байыппен шешім қабылдап, айналасына сенім ұялата білетін көреген жан.

📎Жомарт жүрегі мен қайырымдылығы да – көпке үлгі. Қаншама жанға ешкімге жария етпей, үнсіз ғана қол ұшын созып, жақсылық жасаудан жалықпайтынына жанында жүрген әріптестері куә. Біреудің қуанышына шын жүректен қуанып, қиындығына ортақтасып, қолынан келген көмегін аямайтын кең жүректі жан. Қарамағындағы әріптестерінің жетістігін өз жетістігіндей көріп, әрқайсысының еңбегін бағалап, жаңа бастамаларына қолдау білдіруі – басшыға тән ерекше қасиеттерінің бірі.

Ұжым мүшелерінің денсаулығына алаңдап, жағдайын сұрап, қажет кезде жанынан табылатын қамқорлығының өзі біз үшін үлкен демеу.

Басшылық қызметтің жауапкершілігін арқалай жүріп, отбасының да берекесін сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ата-анесіне қызмет еткен өнегелі жанның өмірлік ұстанымы да біз үшін құрметке лайық.

Осындай жанның еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – тек өзінің ғана емес, өзі басқарып отырған ұжымның да ортақ қуанышы, мерейі мен мақтанышы!

Құрметті Гүлнара Манапқызы!

Сізді осынау жоғары мемлекеттік марапатыңызбен ұжым атынан шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл марапат – Сіздің саналы ғұмырыңызды білім мен өнерге арнаған адал еңбегіңіздің, кәсіби біліктілігіңіз бен басшылық қызметтегі іскерлігіңіздің, ел игілігі жолындағы елеулі үлесіңіздің лайықты бағасы.

Біз Сізді тек білікті басшы, тәжірибелі маман ретінде ғана емес, әріптестеріне тірек, ұжымына қамқор, айналасына мейірім мен шуақ сыйлайтын аяулы жан ретінде де ерекше бағалаймыз.

Алдағы уақытта да абыройлы еңбегіңіз жалғасын тауып, талай белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспіз. Шәкірттеріңіздің жетістігі мен әріптестеріңіздің құрметі Сізге әрдайым қуаныш сыйласын!

Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шаңырағыңызға шаттық, еңбегіңізге толағай табыс тілейміз!

Сіздей басшымен бірге еңбек ету – біз үшін мәртебе, ал Сіздей жанның жақсылығын көріп, қадірін білу – үлкен бақыт!

Еңбегіңіз еленіп, мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын! Жақсылығыңыз еселеніп, абыройыңыз асқақтай берсін!

Ізгі тілекпен, Сізді құрметтейтін ұжым! ❤️

Барлық жаңалықтар